Электр станцияларын салу жеткіліксіз: шетелдік сарапшы елдегі энергия тапшылығын шешу жолдарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын азайту үшін жаңа қуат көздерін іске қосумен шектелмей, энергияны үнемдеуге және көрші мемлекеттермен электр алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беру қажет. Бұл туралы халықаралық сарапшы Константинос Баларас Астанада өткен ASHRAE халықаралық инженерлік қауымдастығының баспасөз мәжілісінде айтты.

в
Фото: Kazinform

Конференцияға қатысқан Афина ұлттық обсерваториясының Қоршаған ортаны зерттеу және орнықты даму институтының ғылыми директоры, ASHRAE қауымдастығының мүшесі Константинос Баларас Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, елімізде электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы теңгерім мәселесі бар. Дегенмен мұндай қиындық Қазақстанға ғана тән емес. Еуропаның бірқатар мемлекеті де энергияға деген сұранысты толық қамтамасыз ету мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.

– Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар екені белгілі. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Оны шешудің бір жолы – көрші елдердің электр желілерін өзара байланыстыру. Осылайша электр энергиясы жеткілікті мемлекеттер тапшылыққа тап болған елдерге қуат жеткізе алады, – деді Константинос Баларас.

Сарапшы электр энергиясын өндірудің балама жолдарын да қарастыру қажет екенін айтты. Соның бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Бірақ күн мен желден алынатын энергияның көлемі ауа райына байланысты өзгеріп отыратындықтан, оны сақтау мәселесін де қатар шешу керек.

– Әр мемлекет өз ресурстарын пайдаланып, электр энергиясын өндіре алады. Мәселен, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға болады. Алайда олардың тұрақсыздығын ескеру қажет. Сондықтан мұндай қуат көздерін энергия сақтау жүйелерімен бірге дамыту маңызды, – деп түсіндірді ол.

Константинос Баларастың айтуынша, энергия тапшылығын азайту үшін ең алдымен қолда бар қуатты тиімді пайдаланып, электр энергиясын орынсыз жұмсауды қысқарту қажет.

– Ең алдымен, энергияны босқа жұмсауды азайтуымыз керек. Сонда түрлі салалардағы энергия тұтыну көлемі төмендейді. Ал сұраныс азайған жағдайда оны сенімді қуат көздері арқылы қамтамасыз ету де жеңілдей түседі. Сондықтан энергия тиімділігін арттыру барлық жұмыстың бастапқы қадамы болуы қажет, – деді сарапшы.

Ол бұл бағытта өндіріс орындарымен қатар қарапайым тұрғындардың да үлесі маңызды екенін атап өтті. Қазір өнеркәсіп саласында энергияны аз тұтынатын жабдықтар әзірленіп жатыр. Дегенмен жаңа технологияларды енгізу ғана жеткіліксіз, адамдардың күнделікті тұрмыста энергияны пайдалану дағдысы да өзгеруі керек.

– Біздің әдеттеріміз де электр энергиясын үнемдеуде маңызды рөл атқарады. Осы бағытта ASHRAE әлемнің әр түкпіріндегі мамандарға көмектесетін стандарттар мен ұсынымдар әзірлеп келеді, – деді Константинос Баларас.

Айта кетейік, бүгін елордада ASHRAE халықаралық инженерлік қауымдастығының баспасөз конференциясы өтті. Жиында халықаралық сарапшылар Қазақстанның инженерлік инфрақұрылымын дамыту, энергия тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

Еске салайық, бұған дейін Президент электр энергиясы саласына қатысты тапсырма берген еді.