Электр станцияларының тозу деңгейі 52%-ға дейін төмендеді – Энергетика министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика нысандарындағы технологиялық бұзушылықтар 6%-ға азайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Астанада электр желілерін жаңғыртуға 8,5 млрд теңге инвестиция бағытталды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Ағымдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімдерде жойылып жатыр. Дайындық жұмыстары аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, осы жылы электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 энергия блогын, 49 қазандықты және 37 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы қамтамасыз етілген. Қалған барлық жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізілуде және жылыту кезеңінің өтуіне әсер етпейді.

- Өңірлік электр желілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желісін және 444 кіші станцияны жөндеу жұмыстары немесе жоспардың 100% аяқталды. Сонымен қатар, 377 шақырым жылумен жабдықтау желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Аталған жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27% ұлғайтылғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы көлемі – 384 млрд теңгеге, электр желілерін жөндеуге – 393 млрд теңгеге және жылу желілерін жөндеуге 198 млрд теңгеге дейін артты, - деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзіне қарағанда, осы жұмыстардың нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52% дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48% дейін төмендеді.

- Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6% азайды. Бұл көрсеткіш электр станцияларында 8% төмендеген, - деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысының күн тәртібіне жылу беру маусымының барысы мен жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шығарылып отыр.