Электр желілеріне қосылу тәртібі жеңілдетілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Электр энергиясымен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімен жеңілдету мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер енгізілді. Бұл туралы агенттік тілшісінің сауалына аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, елімізде кәсіпкерлікті жүргізуді түбегейлі жақсарту бойынша мемлекеттік саясат аясында және «Doing Business» халықаралық рейтингінде Қазақстанның позициясын жақсарту үшін Электр энергетикасы туралы, Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаларына және Электр энергиясын пайдалану ережесіне өзгертеулер енгізілді.
Осы өзгерістерге сәйкес, электрмен жабдықтаудың желілеріне қосылу кезіндегі 2 рәсім қысқартылды. Бұл тұрғыда мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасынан құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу, сондай-ақ бұдан бұрын мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органымен берілетін электр желілеріне қосылуға рұқсат алу рәсімдері жойылды.
Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесіне қосылуға техникалық талаптарды беру, тұтынушылардың электр энегиясын жіберетін ұйыммен жобалық шешімдерді келісу, электрмен жабдықтауға келісімді бекіту мерзімдері қысқарды.
«Жүзеге асырылған шараларға қарамастан, Энергетика министрлігі аталған желілерге қосылу рәсімен оңтайландыру үшін халықаралық тәжірибені зерделеу жұмыстарын жалғастырады»,-дейді ведомство өкілдері.