Электрлі тіс щеткасы қарапайым құралға қарағанда тиімді ме — дәрігер кеңесі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Тіс күтімі әр адамның денсаулығы үшін маңызды. Алайда тістерді уақытылы тазалаудан бөлек, оған дұрыс күтім жасау, құралдарды мерзімі жеткенде ауыстырып, дұрыс пайдалану керек. Бұл туралы Алматыдағы № 36 емхананың тіс дәрігері Беслан Тимурзиев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Электрлі тіс щеткасы қарапайым құралға қарағанда тиімді ме — дәрігер кеңесі
Фото: Pixabay

— Аурудың алдын алу үшін тіске қалай күтім жасауы керек? Тісті дұрыс тазалаудың негізгі ережесі қандай?

— Тісті күніне екі рет — таңертең және кешке, кемінде екі минут тазалау қажет. Тазалағанда қылшығы жұмсақ тіс щеткасын таңдаған жөн. Тіс ысқышты қызыл иек жиегіне шамамен 45 градус бұрышпен ұстау керек. Тісті қатты баспай, жайлап әрі біркелкі қимылмен тазалау қажет. Тістің ішкі бетін және ең артқы тістерді де мұқият тазалауды ұмытпаған жөн. Тілдің бетін де тазалау керек. Тіс араларын күн сайын тіс жібімен немесе арнайы аралық щеткамен тазалау ұсынылады. Тамақтанғаннан кейін ауызды жай сумен шайып жіберуге болады.

— Тіс щеткасын қаншалықты жиі ауыстыру керек? Сондай-ақ электрлі тіс ысқыштың қарапайым құралдардан артықшылығы бар ма? Әлде бұл жай ғана маркетинг пе?

— Тісті қарапайым щеткамен де, электрлі щеткамен де тазалауға болады. Дегенмен, зерттеулер электрлі тіс ысқыштың, әсіресе оның айналмалы-тербелмелі қозғалыс арқылы жұмыс істейтін түрінің, тіс қағын кетіруде және қызыл иектің қабынуын азайтуда біршама тиімді екенін көрсетеді. Электрлі щетка тісті дұрыс тазалау тәсілін сақтауы қиын адамдарға, балаларға және ортодонттық құрылғысы бар жандарға қолайлы. Мұндай құралдың кейбір үлгісінде уақыт өлшегіш пен қысымды бақылау тетігі бар. Ол тістің бірде бір бөлігін назардан тыс қалдырмауға және қызыл иекті қатты басып жарақаттап алмауға көмектеседі. Сондықтан электрлі щетканың тиімдігі ғылыми зерттеулермен дәлелденген, оны тек жарнамалық өнім деуге болмайды. Сонда да оны міндетті түрде сатып алу қажет деу дұрыс емес. Тісті тазалау тәртібі мен тәсілі дұрыс сақталса, қарапайым жұмсақ щетка да ауыз қуысының тазалығын жақсы қамтамасыз етеді. Ең бастысы — тісті жүйелі түрде, дұрыс әрі мұқият тазалау.

Электрлі тіс щеткасы қарапайым құралға қарағанда тиімді ме — дәрігер кеңесі
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Тіс ысқышпен қатар, тіс пастасын да жиі ауыстырып тұру қажет пе? Күтімге арналған бұл заттарды алғанда не нәрсеге мән берген жөн?

— Күнделікті күтім үшін қылшығы жұмсақ тіс щеткасын таңдаған дұрыс. Ал тіс пастасын таңдағанда оның құрамындағы фтор мөлшеріне назар аудару қажет. Ересектерге құрамында 1350-1500 ppm фтор бар тіс пастасы ұсынылады. Егер тіс пен қызыл иекке қатысты қандай да бір мәселе болса, тіс пастасын дәрігердің кеңесімен таңдаған жөн. Тіс пастасын белгілі бір мерзім сайын міндетті түрде ауыстырудың қажеті жоқ. Ең бастысы — ауыз қуысының жағдайына сәйкес келетін өнімді пайдалану.

— Тістің «қас жауы» болып саналатын ең зиянды өнімдер қандай?

— Тіске ең көп зиян келтіретін өнімдерге тәттілер, газдалған сусындар және құрамында қант мөлшері жоғары тағамдар жатады. Мұндай өнімдерді жиі тұтыну тіс жегісінің пайда болу қаупін арттырады.
Бұдан бөлек мұз шайнау, тіс арқылы қаптамаларды ашу және қатты заттарды тістеп сындыру сияқты әдеттер де зиянды саналады. Мұның бәрі тіс эмалін зақымдап, оның жарылуына немесе сынуына әкелуі мүмкін.

— Адам өзі байқамайтын, бірақ тісті құртатын қандай әдет пен әрекеттер бар?

— Алғашында зиянсыз көрінгенімен, тіс саулығына кері әсер ететін әдеттер аз емес. Мысалы, тырнақ тістеу, қаламды және басқа да қатты заттарды ауызға салып шайнау, бөтелке мен банканы тіспен ашу, мұзды тістеп сындыру тіс эмалін зақымдайды. Тағы бір жиі кездесетін мәселе — адамның өз еркінен тыс жақ сүйектерін қатты қысып жүруі және тісін шықырлатуы. Бұл көбіне ұйқы кезінде байқалады. Адамның өзі мұны сезбеуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе тіс эмалі қажалып, тістің сезімталдығы артады, жақ тұсы ауыруы мүмкін. Тәттіні жиі жеу, тәтті сусындарды күні бойы аз-аздан ұрттап ішу және тісті тазалауды кейінге қалдыру да кері әсер етеді.

Тіс саулығы тек дұрыс күтімге ғана емес, күнделікті әдеттерге де байланысты екенін ескерген жөн. Кейде зиянды ұсақ әдеттерден бас тартудың өзі тісті ұзақ жылдар бойы сау сақтауға көмектеседі.

— Ата-аналар баласын тіс дәрігеріне ең бірінші рет қай жаста және қандай жағдайда апаруы керек?

— Баланы тіс дәрігеріне алғашқы сүт тісі шыққаннан кейін көрсеткен жөн. Жалпы алғашқы қабылдауды баланың бір жасқа толған кезінен кешіктірмеу керек. Бұл ауыз қуысының жағдайын дер кезінде бағалап, ата-анаға баланың тісін күту жөнінде қажетті кеңес беруге мүмкіндік береді.

Электрлі тіс щеткасы қарапайым құралға қарағанда тиімді ме — дәрігер кеңесі
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— «Сүт тістер түсіп қалады ғой, оларды емдеудің қажеті жоқ» деген пікір қаншалықты дұрыс?

— Бұл — қате түсінік. Сүт тістері баланың тамақты дұрыс шайнауы, сөйлеу қабілетінің қалыптасуы және тұрақты тістерге қажетті орынның сақталуы үшін маңызды. Егер сүт тістеріндегі тіс жегісін дер кезінде емдемесе, инфекция асқынып, баланың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан сүт тістерін де тұрақты тістер сияқты күтіп, қажет болған жағдайда міндетті түрде емдеу керек.

— Тіс күтімінде адамдар қандай қателіктерді жиі жібереді?

— Ең жиі кездесетін қателіктің бірі — тісті жеткілікті уақыт тазаламау, щетканы қатты басу, қылшығы қатты щетканы пайдалану және тіс арасындағы қуыстарды тазаламау.
Сонымен қатар көпшілік тілдің бетін тазалауды және тіс щеткасын уақтылы ауыстыруды ескере бермейді. Мұндай олқылықтар ауыз қуысының толық тазартылмауына әкелуі мүмкін.

— Еш тісі ауырмаса да, адам тіс дәрігеріне қанша уақыт ішінде көрініп тұру керек?

— Ешқандай шағым болмаса да, тіс дәрігерінен профилактикалық тексеруден өтіп тұрған жөн. Ал қабылдауға бару жиілігін адамның тіс пен қызыл иек жағдайына, жеке ерекшеліктері мен қауіп факторларына қарай дәрігер анықтайды. Адамдарға кеңесім: тіс пен ауыз қуысына қатысты аурудардың алдын алуға болады. Ол үшін ауыз қуысының күнделікті тазалығын сақтау, дұрыс тамақтану, тәтті тағамдарды шектеу, құрамында фтор бар тіс пастасын пайдалану және дәрігерге уақтылы қаралып тұру маңызды.

Еске салайық, 2026 жылдың 6 айда елімізде оқушыларды тексеру кезінде тіс жегісінің 80 мыңнан астам жағдайы анықталған.