Электроэнергияның сапасын реттейтін құрылғы орнату қажет - KEGOC

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KEGOK» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев ірі кәсіпорындарға электроэнергиясының сапасын реттейтін құрылғы орнатуды міндеттеудің маңызын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Электрмен жабдықтау сапасы бойынша жыл сайын мәселелер қордаланып келеді. Энергияны тұтыну мен өндіру бағытында айтарлықтай өзгерістер енгізіп жатқаны ескерілуі тиіс. Көптеген кәсіпорындардың өзі желідегі электроэнергияның сапа бойынша параметрлеріне әсер етіп жатыр. Энергияның балама көздері де тұрақты болмағандықтан, желілердің жұмысына әсерін береді. Бұның бәрі электроэнергиясының сапасына қатысты жаңа талаптарға жауап беруді туындатады», - дейді Бақытжан Қажиев.

Оның айтуынша, аталған салада сапа бойынша нақты өзгеріс керек. Қазақстанды жарықпен қамтамасыз етіп отырған кейбір компаниялар электроэнергияның сапасын реттейтін құрылғыларды орнатып жатыр. Бұл қадам өз кезегінде желілердегі электроэнергетиканың сапа көрсеткішінің бұзылуына жол бермейді.

«Бұл өте маңызды мәселе. Қазірдің өзінде көптеген тұтынушылар өз аумақтарында немесе үйлерінде желілік олқылықтарды реттеп отыратын құрылғыларды орнатып жатыр. Меніңше, бұл сұрақты заңды тұрғыда бекіткен абзал. Нарықтың барлық қатысушылары электроэнергияның сапасын реттейтін құрылғы орнатуы керек. Ол айтарлықтай шығынға әкеліп соқтырмайды. Электроэнергияның сапасына мониторинг жүргізетін құзырлы органды белгілеу керек», - дейді KEGOC басшысы.

Басқарма төрағасы өз сөзінде, электронэнергияның сапасына тікелей әсер ете алатын кәсіпорындар желіге зиян тигізбес үшін аталған құрылғыны орнату керектігін айтты.

«Болмаған жағдайда оларға санкциялық айыппұл салынуы тиіс. Бірақ бұл мәселені әлі де талқылаған жөн. Бұл қадамға нарықтың барлық қатысушыларымен, сауда-өнеркәсіптік палатамен келісе отырып, заңды тұрғыда барған абзал», - деп түйді Бақытжан Қажиев.

Соңғы жаңалықтар