Электромобильдер адам денсаулығына қауіпті ме

электрокар
Коллаж: Canva

Жыл сайын жер жүзінде электрокарларға сұраныс еселеп артып келеді. Қазақстанда да электрлі көлікті таңдайтындардың қарасы көбейді. Шамасы, болашақта әлем елдерінің көшелерін электромобильдер жаулайтынын сенімді болжауға болатындай. Әйтсе де кейінгі уақытта электромобильдерге қатысты түрлі пікір туындады. Табиғатқа зиянсыз болғанымен, адам денсаулығына қаупі туралы қауесеттер бар. Kazinform тілшісі аталған тақырыпты сараптап көрді.

Нарықтағы өзгерген бағыт

Кейінгі жылдары Қазақстанда электромобильдердің саны едәуір артқанын байқауға болады. 2019 жылы елде 200-дей ғана электрлі көлік бар болса, 2022 жылы олардың саны 570-ке жеткен. Дегенмен қарқын еселене берді, электромобильдер саны 2023 жылдың қорытындысында 7680-ге, 2024 жылдың тамызында 10700-ге жетті. Жаңа трендті алматылықтар тез қабылдап жатыр, 10700 электрлі көліктің 6300-і оңтүстіктегі астана көшелерінде жүр.

электромобиль
Инфографика: Kazinform

 

Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2024 жылдың 1 маусымында Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5,4 миллионнан асты. Егер шамалайтын болсақ, біз жоғарыда айтқан 10700 электромобиль елдегі жалпы автокөліктер санының 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан жаһандық трендте тұрған электромобиль саудасы Қазақстан нарығын толық билей қойған жоқ.

Қазір бейресми электрокар нарығында кім көшбасшы екені туралы нақты статистика беймәлім. Бірақ сұр нарық – тұрақсыз, жаз ортасына дейін Қазақстанда Zeekr-ге сұраныс көп болған, бірақ телематика бұғатталып қалуы мүмкін деген жаңалықтан кейін қызығушылық лезде төмендеді. Қазір ел тұрғындары Lixiang сияқты гибрид маркаларға көңіл бөлуде.

Ал ресми және бейресми электромобиль сататын дилерлерде Tesla емес, BYD танымал. Бұл бренд ресми нарыққа шықса, Қазақстан тұрғындарының Build Your Dreams-қа қызығушылығы арта түсуі мүмкін. Бұл пікіріміз негізсіз емес, өйткені қытайлық электромобиль алыбы BYD компаниясы тоқсандық табысы жағынан алғаш рет америкалық Tesla-ны басып озды. BBC ақпаратына сүйенсек, Қытайдың автомобиль өндірісіне берілген субсидия әсерінен BYD кірісі 2024 жылдың үшінші тоқсанында 24% өсіп, шілдеден қыркүйекке дейін 28,2 млрд доллар кіріс түсірген. Айтпақшы, Өзбекстанда BYD зауыты ашылды, енді Ташкентте марка өнімдері көбейіп келеді. Еуразия аумағындағы көлік нарығы жылдам өзгеріп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта елімізде бұндай электрлі машиналар көбеюі мүмкін.

Негізі Қазақстандағы электромобильдердің көбін иелері шетелден алып келеді. Дегенмен ресми автосалондардан көлік алып жатқандар жетерлік. Осы тұста біз Қазақстандағы ресми электрокар нарығының көшбасшыларын ұсынамыз.

электрокар
Инфографика: Kazinform

 

Негізі электромобиль саудасында кәрі құрлық елдері алдына жан салмай келеді. Our World in Data дерегінше, 2023 жылдың қорытындысында Норвегияда сатылған жаңа көліктердің 93 пайызын, Исландияда – 71 пайыз, Швецияда – 60 пайыз, Финландияда – 54 пайыз, Данияда 46 пайызын электромобильдер құраған.

Тиімділігі толық дәлелденбеді

Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, әлемде электромобильдердің көбеюі жанармай тапшылығына емес, жанармай бағасының қымбат болуына байланысты. Мұндағы баға айырмашылығы Қазақстанда қатты білінбегенімен, Еуропа мен АҚШ-та жанармайға қарағанда электр энергиясының құны арзандау болып келеді. Екіншіден, электромобильдер ауаны дәстүрлі көліктерге қарағанда азырақ ластайды немесе мүлде ластамауы мүмкін делінген. Бірақ бұл тұрғыда зерттеуді қажет ететін мәселелер бар. Электромобиль иесі моральдық жағынан «мен экологияны ластамаймын» деп ойлауы мүмкін, дегенмен электр энергиясы қайдан шығады? Мысалы, Қазақстанның жағдайында электр энергиясының 70 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі. Көмір – ауаны ең қатты ластаушы отын. Таза энергия көздерін пайдаланбайынша, экологиялық тұрғыда электромобильдер толыққанды зиянсыз деп топшылауға ерте.

мұнай газ сарапшысы Абзал Нарымбетов
Фото: Абзал Нарымбетовтің жеке мұрағатынан

 

– Электромобильдер өндірісінде сирек кездесетін металдар қолданылады. Соның бірі – басым бөлігі (жаһандық өндірістің 70 пайызы) Конгода өндірілетін кобальт. Аталған металдың өндірісі қалай жүруде, жұмыс күші ретінде кімдер пайдаланылады, қауіпсіздік деңгейі қандай? Бұл сауалдардың жауабы белгісіз. Біз тек өндірістің нәтижесін көріп отырмыз, алайда қандай металдан, қандай жағдайда жасалғанын көрмейміз.

Сондай-ақ электромобильдердің утилизациясы келешекте проблемаға айналады. Бұл санаттағы көліктерде үлкен батареялар орналастырылған. Біз үй жағдайында пайдаланатын кішкентай батареялардың өзін қоқысқа тастауға жүрексінеміз, себебі онда күкірт қышқылының қоспасы бар. Яғни, электромобильге қолданылатын батареяларда оның көп мөлшері бары анық, – деді Нарымбетов.

Сарапшының сөзінше, жалпы, жер жүзінде миллиардтан астам автокөлік бар. Егер санға шағар болсақ, электромобильдер оның 1 пайызына да жетпеуі мүмкін. Бірақ жаңадан шығып жатқан автокөліктер арасында электромобильдердің үлесі көбейіп келеді. Кейбір Еуропа елдерінде, соның ішінде Норвегияда сатылып жатқан жаңа көліктердің арасында электромобильдер үлесі 90 пайыздан асып кетті. Басқа елдерде де баяу немесе жылдам қарқынмен үлесі көбейе бермек. Бірақ дәстүрлі көліктерді толығымен ысыра ала ма – оны уақыт көрсетеді.

– Тиімділік тұрғысынан мәселе бар. Кәрі құрлық елдері тығыз орналасқан, шаһарлар бір-біріне тым жақын, сол себепті қалалар арасында электромобильдерді қуаттау станцияларын оңай көбейтті. Ал Қазақстан секілді жері үлкен, халқы аз шоғырланған елдерде бұл процесс қиындау, электромобильмен алыс жолға шыға алмайсыз. Сондықтан электромобильдердің тиімділігі географиялық, елдің дамуы секілді факторлармен өлшенеді. Тиімділігі толық дәлелденбегеніне қарамастан, әлемде электромобильдер белсенді көбеюде, дәстүрлі нарықты ығыстырып жатыр. Көпшіліктің қызығушылығы бар, оны жоққа шығара алмаймыз, – деп қорытындылады сөзін.

Сарапшы сөзін құптауға болады, себебі ашық дереккөздерде ел аумағында электромобиль қуаттау станцияларының саны мыңға да жетпейтіні айтылған. Ірі қалаларды есепке алмағанда, қалған шаһарларда бұндай станцияларды табу қиын. Әзірге электрлі көлікті жер үйде тұратын, гаражында зарядтауға мүмкіндігі барлар алып жатқан секілді. Дегенмен инфрақұрылымды реттеу мен қуаттау станцияларын салу қолға алынып жатыр. Егер жыл сайын электромобильдер саны арта берсе, жұмыс жеделдей түсуі мүмкін.

Адам денсаулығына зиянды радиация бөлінбейді

Экологиялық мәселелерден бөлек, электромобильді жүргізетін адамның қауіпсіздігіне, денсаулығына қатысты сауалдар бар. Мысалы, электрлі көліктен магнитті толқындар шығатынын айтушылар жетерлік. Дегенмен медицина сарапшысы Әкім Тұрсынның сөзінше, электромобильдердің адам денсаулығына тікелей зияны жоқ.

дәрігер Әкім Тұрсын
Фото: Әкім Тұрсынның жеке мұрағатынан

 

– Бұл жердегі үрей магниттік толқынға байланысты. Электромобильдің магниттік редукторлары алдыңғы және артқы бөлікте орналасқан. Ондағы магниттік өріс МРТ, компьютерлік томографиядағыдай үлкен болмаған соң, адам денсаулығына зиянды радиация бөлінбейді.

Әрине, қазір шығып жатқан электромобильдердің батареясына, жүргізу кезіндегі қауіпсіздігіне сұрақ бар. Бұл мәселеге тікелей көлік өндірушілері ғана жауапты. Мысалы, батареядағы литий-ион оттегімен химиялық байланысқа түсіп, өрт шыққан оқиғалар бар. Дегенмен бұл кемшілік барлық көліктерге тән, себебі бензин немесе газбен жүретін автокөліктерде де өрт қаупі болады, – деп түйіндеді дәрігер.

Қорыта айтқанда, жыл сайын электромобильдер саны көбейе беретіні анық. Бірақ жанармай тұтынатын автокөліктерді толықтай ысырып, басып озуы үшін ондаған жылдар керек. Оның үстіне электромобильдерді утилизациялау мәселесін әзірге толықтай шешкен жалғыз ел Қытай екені айтылуда. Келешекте бұл тақырыпқа қатысты сауалдарға әлем елдері қайта оралатын іспетті.

Соңғы жаңалықтар
telegram