Электронды үкімет жүйесінде елеулі өзгеріс болады - министр
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov порталында болған ақауға қатысты түсінік берді.

- Мұндай ақаулар жиі болмайды деп айтқым келеді. Екіншіден, кеше жүйе инфрақұрылымына ерекше жүктеме байқалды. Осындай жүктеме бұған дейін болмаған еді. Қысқа мерзімде, яғни бір сағаттан аз уақытта 1 млн-нан астам өтінім келіп түскен. Жалпы, бізде электронды үкіметтің архитектурасын, оның eGov қосымшасын өзгерту, сондай-ақ электронды үкіметтің шлюзін жақсарту жоспарланған. Бұл өз кезегінде жүйеге жүктеме артқан кезде, осының барлығына төтеп беруге мүмкіндік береді, - деді Ж.Мәдиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, кеше eGov порталындағы ақауларды түзету үшін күні бойы тиісті іс-шараларды атқарған. Қазір оның негізгі қызметі қалпына келтірілген.
Еске салсақ, 1 сәуір күні eGov порталында бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Алайда қазақстандықтар техникалық ақауларға тап болды.