Электронды коммерция: 2 мыңнан астам кәсіпкер білімін жетілдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екі мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі «Электронды коммерция мектебі» жобасы аясындағы курста оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы электронды коммерция нарығын дамытудың 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Alibaba халықаралық электронды сауда алаңында біздің ұлттық павильон ашылды. Аталған платформаға қосымша 70 отандық компания шығарылып, олардың сату көлемі 70 млн АҚШ долларын құрады», - деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев елордада өткен электрондық коммерция мектебінің жұмыс қорытындысына арналған шара барысында.

Оның айтуынша, былтыр министрлік және бірнеше компанияның бірлесуімен «Электронды коммерция мектебі» жобасы іске қосылды.

«Жоба аясында еліміздің барлық өңірінен және түрлі сала бойынша 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі оқытылды. Олардың қатарында ойыншықтар, киім-кешек, тоқыма бұйымдары, азық-түлік және тағы сол сияқты сату кәсіпкерлігі бар», - деп толықтырды вице-министр.

Еске салсақ, былтыр күзде Қазақстанда электронды көтерме сауданы дамыту үшін арнайы академия ашылатындығы айтылған еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram