Электронды темекінің қауіптілігі неде - алматылық дәрігер
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Электронды темекілер мен темекі қоспаларының құрамында болатын сұйықтық буланған кезде адам денсаулығына қауіпті заттар түзіледі. Бұл туралы Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, есірткі заттарының жаңа түрлері – темекі қоспалары немесе жасырын зертханаларда алынған синтетикалық есірткілер тәуелділік пен зияндылығы жағынан героиннен әлдеқашан асып түскен. Сондай-ақ, қазіргі темекі қоспаларының қайдан шыққаны белгісіз.
«Бұл туралы адамдар әртүрлі пікірде. Біреулер бұл қоспалардың рецептурасының негізгі саны АҚШ зертханаларында жасалған десе, басқалары олардың таралуына Голландия мен Ұлыбританияны кінәлайды, тағы біреулер улы заттарды жаппай жеткізіп отырған Қытай деп есептейді. Басты мәселе – есірткіні тұтынушылардың негізгі бөлігі – жастар және тұтынушылар жасы барған сайын «жасарып» барады. Темекі қоспалары немесе спайстар жастар арасында жылдам тарап кетті», - деді Сапар Рахменшеев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Айтуынша, темекі қоспаларын сатушылар өз өнімдерін ағзаға мүлдем зиянсыз, хош иісті зат ретінде таныстырады. Дегенмен, темекі қоспаларының барлығында есірткілік еліткіш қасиеті бар. Олар физикалық және психологиялық тәуелділікті тудыруы мүмкін психоактивті заттардан, яғни синтетикалық каннабиноидтер негізінде жасалады.
«Темекі шегу қоспалары миға кәдімгі каннабис (анаша) сияқты әсер етеді, тек он есе күшті. Оларды пайдаланған адам шынайы өмірмен байланысты жоғалтады, өзін-өзі сақтау түйсігі өше бастайды, қозғалысын басқаруы бұзылады, түкке тұрмайтын сөздерді айта отырып, басқалар оны түсінбейді деген желеумен тез ашуланады. Психозға шалдығу да жиі ұшырасады», - деп жалғастырды С. Рахменшеев.
Спикер жастар арасында кең тараған есірткі түрлері – JWH темекі қоспасын (жастар арасындағы тілмен айтқанда, жоспар, дживик, спайс, микс, шөп, көк шөп, кітап, журнал, бошки, палыч, қатты, жұмсақ, химия, пластик, жабысқақ, шие, шоколад, түтін, т.б.) пайдаланған соң энергия, эйфория, ұйқысыздық және галлюцинация пайда болуы мүмкін екенін айтты. Есірткінің әсері тоқтағанда, қатты алаңдаушылық, өлім қорқынышы, үрей, фобиялар туындайды.
«Химиялық препараттар орталық жүйке жүйесінің жасушаларын тез бұзады, интеллектіге, ойлауға, зейінге, есте сақтауға кері әсер етеді. Жасөспірімнің тыйым салынған нәрсені пайдаланып жатқанын білу сонша қиын емес. Ең бастысы, мұқият болу керек», - деп есептейді Сапар Рахменшеев.
Негізгі белгілердің арасында: қозғалысын басқарудың бұзылуы, көз қарашықтарының кеңеюі, сөзінің түсініксіз болуы, эмоционалды тұрғыдан шамадан тыс қозу, терінің қызаруы немесе керісінше, қатты бозаруы. Бас ауруына, бір істен екінші іске тез ауысу, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне шағымдары көбейеді.
Еске салайық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша елімізде 11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну 3 есе өскен.
Сондай-ақ, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова электронды шылымның акцизін қымбаттатуды ұсынған болатын.