«Электронды үкімет» жүйесі әлі де болса насихатты қажет етеді - Асқар Жұмағалиев
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде жыл басында «злектронды үкімет» жүйесі арқылы 18 мың қызмет көрсетілген болса, бүгінде аталмыш жүйе арқылы көрсетілген қызметтер саны 1 миллион 300 мыңға жетті.
Бұл мәліметтерді бүгін «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитетінің жанындағы Мемлекеттік қызмет пен рұқсат қағаздарын бақылау мен мониторинг жүргізу жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев келтірді.
Оның сөзіне қарағанда, бұрындары «электронды үкіметті» күніне шамамен 2,5 мың адам пайдаланып келген болса, бүгінде оны қолданушылар саны кемінде 4 есеге өсті. Орташа статистикалық мәліметтер бойынша, электронды үкіметті пайдаланушылар саны 10 мыңға дейін өскен. Бұл цифрдің күніне 16 мыңға дейін жеткен кездері болған.
«Ал электронды жолмен лицензия беру мәселесіне келсек, осы уақытқа дейін берілген рұқсат қағаздарының саны 600-ден асып жығылады. Олай болса, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түскен жөн. Ол үшін «электронды үкімет» жүйесін әлі де болса кеңінен насихаттау керек. Өйткені оны пайдаланушылар санының артуы жүйенің қаншалықты сапалылығына немесе тиімділігіне ғана байланысты емес. Бұл ретте электронды қызметті пайдалануға тұрғындар қаншалықты деңгейде дайын және олар бұл жүйеге қаншалықты сенеді деген мәселе де үлкен роль атқарады», - деді министр.