13:42, 17 Наурыз 2016 | GMT +5
Электрондық астық қолхаттары жүйесі жетілдіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астық нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бойынша электрондық астық қолхаттары жүйесі мен астық қабылдау немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жетілдіру көзделеді. Атап айтқанда, лауазымды адамдар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне араласудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету қарастырылады. Осы мақсатта заң жобасында соттың астық қабылдау кәсіпорнына немесе мақта өңдеу ұйымына уақытша басқару енгізу көзделеді.
Заң жобасы аясында астық қолхаттары мемлекеттік электрондық тізілімнің жүйесіне енетін болады. Осы мақсатта астық қолхаттары айналымының ашықтығын және ішкі нарықтағы астық айналымын талдауды қалыптастыруды қамтамасыз ету нормалары енгізіледі.