Электрондық цифрлық қолтаңба алушылар саны 2 миллионға жетті

Бүгінгі күні берілген бұндай цифрлық қолтаңба саны 2 миллионға жетті. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сарапшылардың пікірінше, ағымдағы жыл соңына дейін электрондық цифрлық қолтаңба алушылар саны айтарлықтай өседі деп күтілуде. Оған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың жеке куәлігіне осындай цифрлық қолтаңбаны жазу қызметінің іске қосылғаны септігін тигізіп жатқан көрінеді.
«Бүгінгі күні еліміздегі 229 халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарға жаңа жеке куәлік беру кезінде куәліктегі чипке электрондық цифрлық қолтаңбаны бірден жазып беру қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында «электрондық үкімет» бұрыштары ұйымдастырылған. Бұл жерлерде әрбір азаматқа электрондық қызмет түрлерін алуға қатысты кеңестер беріледі», - делінген баспасөз хабарламасында.
Тоқтала кететін жайт, 2 000 000-шы электрондық цифрлық қолтаңбаға елорда тұрғыны Мәриям Ердалиева ие болды. Оған «2 000 000 ЭЦҚ-ны алушы» сертификаты және соңғы үлгідегі ноутбук тапсырылды.