Электрондық мемлекеттік сатып алу жеке басының қамын күйттеген шенеуніктердің сыбайлас жемқорлықпен айналысуына мүмкіндік бермейді - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Соңғы кездері ҚР Парламентінде электрондық мемлекеттік сатып алудың тауарларды жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер үшін тиімдігілі жөнінде жиірек айтылуда.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісовтің пікірінше, электрондық мемлекеттік сатып алу жеке басының қамын күйттеген шенеуніктердің сыбайлас жемқорлықпен айналысуына мүмкіндік бермейді. «Қазір кәдімгі конкурстардың көбі әділ өтпейтіні белгілі», - дейді ол. «Осындай байқауларда кейбір шенеуніктер жеке басының пайдасын ойлап, заңды белшесінен басып жатады. Соның кесірінен мемлекеттік қызметкерлердің атына кір келсе, заңсыз әрекеттермен ауыз жаласқан шенеуніктердің үстінен қылмыстық істер қозғалып жататыны мәлім. Ал электрондық мемлекеттік сатып алу мұндайға ешқашан жол бермейді». Өйткені, оның айтуынша, кез келген қызмет көрсетушілер мен тауар жеткізушілер арнайы порталда жарияланған қызмет түрлерімен танысып, өздерінің тапсырыстарын бере алады. Мұнда бәрі ашық және әділ өтеді. Яғни, кім жақсы ұсыныс береді, сол ұтады.