Электрондық оқулықтар мектепте оқытылатын пәндер мазмұнының жартысын ғана қамтиды-Б. Жұмағұлов
ТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Электрондық оқулықтар мектепте оқытылатын пәндер мазмұнының жартысын ғана қамтиды. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Білім жүйесін ақпараттандыру» атты 5-ші Халықаралық форумда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта пәндердің 95 пайызы сандық форматқа келтірілді. Жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық электрондық оқулықтар, 690 электрондық тренажер мен есептер жинағын әзірледі»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 900-ге жуық мультимедиалық оқыту бағдарламалары, 13 виртуальді зертханалар мен 648 тестілеу бағдарламалары жасалды.
«Дегенмен, сандық контенттің сапасы әлі де төмен. Электрондық оқулықтар мектепте оқытылатын пәндер мазмұнының жартысын ғана қамтиды. Оқу үдерісінде осы оқулықтар қаншалықты тиімді болмақ? Бұл мәселе бойынша әлі де талай жұмыстар күтіп тұр», - деп түйіндеді Б. Жұмағұлов.