Электрондық технология қанша дамығанымен уақыт өте келе әлем кітап оқуға қайта ден қояды - Ә. Асқаров

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров осындай пікір білдірді. Еске сала кетейік, брифинг «Елдің тарихы мен мəдениеті - болашағы тұтас ұлт» тақырыбында өткен болатын.
«Біздің Ұлттық кітапханаға келетіндер саны жылына екі миллион оқырманнан асады. Олардың ішінде «виртуальды оқырман» миллионға жуық. Келушілердің 12,5 пайызы - ғалымдар, 5,5 пайызы - қызметкерлер, 77 пайызы - студенттер, ал 5 пайызын басқа санаттағылар құрайды», - дейді Әлібек Асқаров.
Оның айтуынша, соңғы жылдары кітапханаға келушілер санының төмендеу үрдісі байқалып отыр. Бұл электрондық технологиялардың дамуымен байланысты болса керек. Өйткені, қазіргі таңда уақытты үнемдегісі келетіндер кітапты интернеттің көмегімен айфон, планшет, компьютерлер арқылы оқуға көшіп барады.
«Алайда, төрт томнан тұратын «Соғыс және бейбітшілік» романын айфоннан немесе планшеттен оқу мүмкін емес, ол адамды соқыр етеді. Сондықтан да, уақыт өте келе әлем дәстүрлі кітап оқу үдерісіне қайта ден қояды деп ойлаймын», - деді Әлібек Асқаров.
Бұдан бөлек, Ұлттық кітапхана басшысы кітапхана саласындағы кадр мәселесіне де назар аудартты. Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда Қазақстандағы кітапханашылардың саны 18 826 адамды құрайды. Жалпыға ортақ кітапханаларда 9 281 адам жұмыс істесе, олардың 2 790-ы немесе 30 пайызы осы саланың жоғары білімді, ал 3 051-і орта білімді мамандары.
«Яғни, кітапханада жұмыс істеп жүргендердің 62 пайызы өз мамандығы бойынша қызмет етіп жатыр. Алайда, олардың республикадағы орташа айлық жалақысы 42 мың теңгені құрайды», - дейді Ә.Асқаров.