«Электрондық үкімет» порталында «Баланың туылғанын тіркеуге электрондық өтініш беру» жаңа қызметі іске қосылды

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - «Электрондық үкімет» порталында «Баланың туылғанын тіркеуге электрондық өтініш беру» жаңа қызметі іске қосылды.
None
None

Бұл туралы ҚРБайланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, www.egov.kz «электрондық үкімет» порталында «Баланың туылғанын тіркеуге электрондық өтініш беру» жаңа қызметі іске қосылды. Жаңа қызмет түрі нәрестеге жеке сәйкестендіру нөмірін және туу туралы куәлікті онлайн режимінде алуға мүмкіндік береді. Егер ата-ана баланың туылғанын әдеттегідей азаматтық хал-актілерін жазу бөлімдері арқылы тіркейтін болса, онда оларға үш түрлі құжат тапсыру керек болады: өтініш, дәрігерлік анықтама және неке куәлігінің көшірмесі. Ал «электрондық үкімет» порталы арқылы бар болғаны ата-анасының жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, онлайн-өтінішті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырса жеткілікті.

Баланың туылғанын тіркеуге өтінішді бала туылған күннен бастап екі айдан кешіктірмей беру керек және ата-аналарының некесі 2008 жылдың 1 маусымынан кейін тіркелген болуы тиіс. Себебі, мемлекеттік деректер қорында 2008 жылдың 1 маусымынан бастап тіркелген некелер туралы ақпарат жинақталған. Қызметті алудың нәтижесі ретінде өтініш берушінің жеке кабинетіне («Қызметтерді алу тарихы» бөліміне) PDF-форматында анықтама жіберіледі. Онда балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілгені және туу туралы куәлікті алу үшін азаматтық хал-актілерін жазу бөліміне келу уақыты көрсетілген ақпарат беріледі. Ал, өтініш орындалмаған жағдайда, өтініш берушіге мемлекеттік органнан нақты себептері көрсетілген жауап келеді.

Бұдан өзге, азаматтық хал-актілерін жазу органдарының қызметін автоматтандыру аясында қазақстандықтар некені бұзу туралы өтінішті де портал арқылы бере алады (егер азаматтардың 18 жасқа толмаған ортақ балалары болмаса).  

Соңғы жаңалықтар