«Электрондық үкімет» порталындағы ең көп сұранысқа ие қызмет түрі - жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамалар

АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - «Электрондық үкімет» порталындағы ең көп сұранысқа ие қызмет түрі - жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және жеке тұлғаға оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама.

 «Электрондық үкімет» порталындағы ең көп сұранысқа ие қызмет түрі - жылжымайтын  мүлікке  қатысты анықтамалар

Бұндай анықтаманы 3 324 008 азамат алған. Сонымен бірге, тек электрондық нұсқада берілетін жылжымайтын мүліктің бар (жоғы) туралы анықтама да үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды ҚР БАМ баспасөз қызметі. Бүгінгі күні осындай 1 044 750 анықтама берілген.

Аталған қызметтерді «egov.kz» порталынан бірер минуттың ішінде және тегін алу үшін қолданушы порталда тіркеліп, одан әрі «Жылжымайтын мүлікті сатып алу. Ипотека. Коммуналдық тарифтер» бөліміне өтуі қажет. Бұдан кейін қызметті алу туралы сұранымды толтырып, оны өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растауы керек. Қолданушының бұның алдында алған анықтамалары туралы ақпарат оның жеке кабинетіндегі «қызметтерді алу тарихы» бөлімінде сақталады.

Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және жеке тұлғаға оның техникалық сипаттамалары туралы анықтамалар негізінен азаматтардың коммерциялық банктерде нотариалдық және кепілдемелік келісімдерді ресімдеуі кезінде қажет. Айта кету керек, аталған анықтама шетел азаматтары мен 16 жасқа толмаған балаларға ЖСН болған жағдайда және туу туралы куәлігі арқылы ресімделгенде, тек қағаздық нұсқада беріледі.