Электросамокат жүргізушісі жаяу жүргіншімен соқтығысып, есінен танып қалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жаяу жүргіншімен соқтығысып, жерге басымен құлаған электросамокат жүргізушісі ес-түссіз жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылдың 23 тамызында Тәшенов көшесі бойында, аялдамаға тақау жерде электросамокат жүргізушісі жаяу жүргіншімен соқтығысып қалды. Уақыты – таңертеңгі сағат 9. Оқиға куәгерлерін немесе тиісті ақпарат бар азаматтардан +7 702 313 03 15 нөміріне хабарласуларын өтінеміз. Көлік жүргізушілердің бірінің видео тіркеуішіне жазылып қалуы да мүмкін. Зардап шеккен электросамокат иесі ес-түссіз жатыр. Кез келген ақпарат маңызды», - деп жазды әлеуметтік желілердің біріне зардап шеккен азаматтың досы әрі әріптесі Ұлан Ақсұлтанов.
ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы тілдескен Ұлан оқиғаны егжей-тегжейлі айтып берді.
«Асқар автобус жолағымен жүріп келе жатқанда алдынан бір адам жүгіріп шыққан. Ол рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтпек болғанда самокатпен келе жатқан Асқармен соқтығысқан. Видео бар. Бірақ қылмыстық іс қозғалғаннан кейін тергеу бұл мәліметтерді жария етпеуді өтінді», - деді Ұлан Ақсұлтанов.
Оның атап өтуінше, зардап шеккен азамат «Астана» телеарнасында дизайнер болып жұмыс істейді. Электросамокат теуіп жүргеніне де біраз уақыт болған.