Елена Әбдіхалықова елордалық көрермендер қошеметіне бөленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні қарсаңында Конгресс-холл сарайында ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың «Мен - Сырдариямын» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Қызылорда облысының өнер күндері аясында өткен бұл өнер кешінде автордың өрелі өлеңдері оқылып, өршіл де сыршыл әндері шырқалды. Елена Сыр өңірінде туған, қазір Астанада тұрады.
«Сыр елім менің - жыр елім менің!» деп өлең шығарып, оған ән жазып, өзі шырқаған Елена Әбдіхалықова залға жиналған көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әндерін орындау барысында өз пікірін айтып, халықпен сұхбаттасып, сырласып отырғандай өнер кешін әсерлі өткізді. Концертте Маңғыстау өңіріне, еліміздің шығыс аймағына арнаған әндері орындалды. Сондай-ақ Жезқазған, Ұлытау өлкесінің тарихи құндылығын жырлаған «Жез даланы аңсау» әні шырқалды.
Елена Әбдіхалықованың орындауындағы Табылды Досымовтың «Қазақ едім дегенше» ән-поэмасы тыңдарман қауымның жан-жүрегін зор тебіреніске бөледі. Өйткені бұл туынға Кеңес өкіметі дәуірінде ұлтымыздың бастан кешкен қасіреттері арқау болған. Осыдан төрт жыл бұрын Табылды дүние салғанда, Елена өзі шығарған «Доспен қоштасу» әнін орындап берді.
Кеш иесі өз әндерін «Достар» өнер тобының сүйемелдеуімен айтты. Осы кеште Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Жанымды менің кім ұғар» және Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған «Көздеріңе ғашықпын» әндері шырқалды. Сондай-ақ ақындар Светқали Нұржан, Танакөз Толқынқызының сөздеріне жазылған әндер көрермен назарына ұсынылды.
Шығармашылық кешті жүргізуші, дарынды әнші Жұбаныш Жексенұлы мен Елена екеуі қосыла шырқаған әндерге көрермендер қуана қол соғып, қошемет көрсетті.
Өнер иесінің кешінде Сыр өңірінен келген «Айналайын» жас өнерпаздар тобы, Жарқынбек Тұрымбет, әншілер Серік Аяғанов, Шығыс Қазақстан облысынан келген Радион Немцов, батыс өңірінен шыққан Дәулет Сейтжан Елена Әбдіхалықованың бірнеше әндерін шырқап, көрермендердің ризашылығына бөленді. Сахнаға бірінші рет шыққан жас өнерпаз Шолпан Шарапатқызы қобызын мың құбылтып, Қорқыттың күйін орындап берді.
Елена кеш барысында қазақтың аса дарынды ақыны Фариза Оңғарсынқызын ардақты әпкесі ретінде еске алып, арнау өлеңін оқып берді.