Елена Пак Абайдың 150 өлеңін жатқа оқиды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр - қалың қазақтың шоғарланған өлкелерінің бірі. Тіпті, мұнда тұратын өзге ұлт өкілдері де қазақ әдебиетінің классиктерін жата-жастана оқиды. Сондай жандардың бірі Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы №49 мектептің оқушысы - Елена Пак. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі хабарлады.
Бүгінге дейін оның жеткен жетістіктері де аз емес. Бірнеше аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Соның бірі - өткен жылғы аудандық «Абай оқулары» байқауында өнерпаз қыз ақынның 150 өлеңін жатқа оқып, бас жүлде алса, облыстық «Абай оқуларынан» ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жақында жалпы білім беретін пәндер бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық олимпиадада оза шауып, республикаға жолдама алып отыр. Еленаның осындай асуларды бағындыруына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазы Бибігүл Сұлтанованың еңбегі сіңген. Міне, Елена өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ балаларына үлгі боларлық жетістіктерге жетіп жүр.