Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында миксте өнер көрсетпейтін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында аралас сында ойнамайтын болды.
Қазақстандық теннисші миксте америкалық Тейлор Фрицпен бірге кортқа шығуы керек еді.
Е.Рыбакинаны аралас сында әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула алмастырады.
Микс жарысы Нью-Йоркте жекелей сындағы дода алдында, 24-26 тамызда өтеді.
Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымында әлемнің 5-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойында сол аяғынан жарақат алып, матчты жалғастыра алмаған еді.
Қазіргі кезде қазақстандық спортшының жарақаты теннисшілер қауымын алаңдатып отыр.
Цинциннатиде Д.Пегула жартылай финалда И.Швентекті 7:5, 4:6, 6:4 есебімен жеңіп, соңғы бәсекеге жолдама алды. Ол финалда әлемнің 4-ракеткасы, отандасы Кори Гауфпен чемпиондық атақты сарапқа салады. К.Гауфф жартылай финалда рейтингіде 35-орындағы чехиялық, 20 жастағы Сара Бейлекті тізе бүктірді – 6:4, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде жарақат алған Елена Рыбакинаның жартылай финалдан тыс қалғанын жазған едік.