Елена Рыбакина алдағы жылы «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алудан үмітті

АСТАНА. KAZINFORM — Уимблдон чемпионы, Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина алдағы жылы «Үлкен дулыға» турнирлерін жеңіп алудан үмітті екендігін мәлімдеді.

Елена Рыбакина
Фото: Championat.com

The Tennis Letter сайтынан белгілі болғандай, қазақстандық теннисші алдағы мақсаты «Үлкен дулыға» жарыстарында жеңімпаз болу екендігін айтқан.

«Ал менің басты мақсатым — бір тамаша күні әлемнің бірінші ракеткасы атану. Бұл алдағы жылы болады деп үміттенемін», — деді Рыбакина.

Соңғы екі маусымда Е.Рыбакина әлемнің бірінші ракеткаларын алты рет ұтқан. Ол поляк теннисшісі Ига Швёнтекті 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатында, Индиан-Уэллс пен Римде WTA 1000 және биыл Штутгартта WTA 500 додасында қапы қалдырған еді. Сондай-ақ қазақстандық теннисші Арина Соболенкодан рейтингіде көш бастаған кезінде 2023 жылы Бейжің WTA 1000 жарысында және кеше Эр-Риядта WTA қорытынды турнирінде айласын асырды.

Қазақстандық спортшыны енді хорватиялық бапкер Горан Иванишевичтің жаттықтыратыны белгілі.

Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Е.Рыбакина Астанада 16-17 қарашада Билли Джин Кинг кубогының Оңтүстік Кореямен өтетін ұлттық құраманың плей-офф матчына келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Оңтүстік Кореямен ойнайтын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде әлемнің 1-ракеткасын жеңді.

Соңғы жаңалықтар