Елена Рыбакина алдағы жылы «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алудан үмітті
АСТАНА. KAZINFORM — Уимблдон чемпионы, Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина алдағы жылы «Үлкен дулыға» турнирлерін жеңіп алудан үмітті екендігін мәлімдеді.
The Tennis Letter сайтынан белгілі болғандай, қазақстандық теннисші алдағы мақсаты «Үлкен дулыға» жарыстарында жеңімпаз болу екендігін айтқан.
«Ал менің басты мақсатым — бір тамаша күні әлемнің бірінші ракеткасы атану. Бұл алдағы жылы болады деп үміттенемін», — деді Рыбакина.
Соңғы екі маусымда Е.Рыбакина әлемнің бірінші ракеткаларын алты рет ұтқан. Ол поляк теннисшісі Ига Швёнтекті 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатында, Индиан-Уэллс пен Римде WTA 1000 және биыл Штутгартта WTA 500 додасында қапы қалдырған еді. Сондай-ақ қазақстандық теннисші Арина Соболенкодан рейтингіде көш бастаған кезінде 2023 жылы Бейжің WTA 1000 жарысында және кеше Эр-Риядта WTA қорытынды турнирінде айласын асырды.
Қазақстандық спортшыны енді хорватиялық бапкер Горан Иванишевичтің жаттықтыратыны белгілі.
Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Е.Рыбакина Астанада 16-17 қарашада Билли Джин Кинг кубогының Оңтүстік Кореямен өтетін ұлттық құраманың плей-офф матчына келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Оңтүстік Кореямен ойнайтын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде әлемнің 1-ракеткасын жеңді.