Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде ТОП-10-нан шығып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті.

Қазақстандық теннисші, 2022 жылғы Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина 3 308 ұпаймен 10-нан 11-орынға ығысты.
Оның орнына үздік ондыққа америкалық Эмма Наварро (3 797 ұпай) кірді.
Осылайша, Е.Рыбакина 2023 жылғы 30 қаңтардан бері алғаш рет ТОП-10-нан шығып қалды. Үздік 10 теннисшінің қатарында қазақстандық теннисші 116 апта бойы болды.
Биыл Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуіне байланысты Е.Рыбакина Германиядағы Штутгарт WTA 500 жарысында өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмай, 500 рейтингілік ұпайынан айырылған еді.
Штутгартта латвиялық Елена Остапенко үздік атанды. Ол ширек финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті жолдан тайдырды – 6:3, 3:6, 6:2. Ал финалда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенконы қапы қалдырды – 6:4, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина қатысатын Мадрид турнирінің жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.