Елена Рыбакина екінші рет Штутгарт турнирінің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің финалына шықты.

Рыбакина вышла в полуфинал турнира в Индиан-Уэллсе (США)
Фото: ktf.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингіде 9-орындағы ресейлік Мирра Андреевамен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін өзара үш кездесу өткізіп, соның соңғы екеуінде ресейлік спортшы басым түскен. 

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 4:2 есебімен алға шыққанымен, Андреева сол бойда таразы басын теңестірді — 4:4. Дегенмен Елена тағы бір брейкпен түйіндеді — 7:5.

Екінші сетте қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін қарқынын тіпті үдетті — 6:1.

Бір сағат 17 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. Андреева 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді. 

Елена Рыбакина финалда рейтингіде 12-орындағы чехиялық Каролина Муховамен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны жолдан тайдырды — 6:4, 2:6, 6:4.

Осылайша, Е.Рыбакина екінші рет Штутгарт турнирінің финалына шықты. Ол 2024 жылы жеңімпаз атанған еді. Ал өткен жылы қатыспаған болатын. 2024 жылды қоса есептегенде, Елена Штутгартта қатарынан жеті матчты жеңіспен аяқтады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Штутгарт турнирінде Елена Рыбакинаның үш сағаттық кездесуін жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.