Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде чемпиондық атағын қорғай ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — 19-25 қазан аралығында өтетін Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды.

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Әлемдік рейтингіде көш бастап тұрған Елена Рыбакина Нинбода бірінші ракетка болып тіркелген.

Жарысты екінші айналымнан бастайтын қазақстандық теннисші әлемнің 42-ракеткасы, испаниялық Кристина Букша немесе рейтингіде 102-орындағы өзбекстандық Полина Кудерметованың қай жеңгенімен кездеседі. 

Тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарынан сәтті өткен, рейтингіде 79-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 13-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдерге тап болды. 

Ю.Путинцева осының алдында Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымында дәл осы Д. Шнайдерге 2:6, 2:6 есебімен жол берген еді.

Кеше Нинбоға келіп, жаттығуын жасап үлгерген Е.Рыбакинаға өткен жылғы чемпиондық атағы мен 500 рейтингілік ұпайын қорғауға тура келеді. Мұның алдында жарақатына байланысты Ухань додасынан тыс қалған қазақстандық теннисшінің қаншалықты дайын екендігін алдағы ойындар көрсетеді.

Нинбо турниріне Е.Рыбакинаның әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко бастаған басты қарсыластары қатыспайды. 

Әлемдік рейтингіде 9-орындағы поляк қызы Ига Швентек мұнда 2-ракетка болып тіркелген. И.Швентек жылдың қорытынды турниріне жолдама алу үшін барын салуы тиіс. Уханьда Ига жартылай финалда әлемнің 22-ракеткасы, отандасы Майя Хвалиньскадан 5:7, 1:6 есебімен жеңіліп, мақсатына жете алмады.

М.Хвалиньска бүгін финалда рейтингіде 170-сатыдағы ұлыбританиялық Сонай Карталды 2:6, 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, чемпион атанды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирдің іріктеу сайысын жеңіспен түйіндегенін жазған едік.