Елена Рыбакина қолайсыз қарсыласын жеңіп, Майами турнирінің ширек финалына шықты

Елена Рыбакина
Фото: Olympic.kz

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.

М.Киз Е.Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас деуге болады. Осыған дейін үш рет кездессе, соның екеуінде америкалық спортшы жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 5:3. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте Елена брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен Киз қалыспады – 3:3. Есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Сосын матчты эйспен түйіндеді – 7:5.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Киз 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен таласады. Оның төртінші айналымдағы қарсыласы, ресейлік Анна Калинская матчқа қатысудан бас тартты. Сөйтіп М.Саккари ойнамастан ширек финалға жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испанияда негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Майами турнирінде Юлия Путинцева ширек финалға жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар