Елена Рыбакина Лондон турнирінде өткен жылғы чемпионды жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Елена Рыбакина
Фото: olympic.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемдік рейтингіде 58-орындағы германиялық Татьяна Мариямен ойнады.

Бұл Е.Рыбакинаның көгал маусымындағы беташар матчы еді.

Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, есеп тең еді. 2023 жылы қазанда Бейжіңде қазақстандық теннисші 7:5, 6:0 есебімен жеңсе, бұдан бір жыл бұрын Лондонда ширек финалда Т.Мария қарымта қайырған – 6:4, 7:6 (7:4). Кейін германиялық спортшы осы додада үздік шыққан еді.

Бұл жолы бірінші партияда Мария тай-брейкте басымдылық танытты - 7:6 (7:4).

Екіншісінде Елена есе қайырды - 7:5.

Үшінші, шешуші сетте Рыбакина бет қаратпады -6:0.

Екі сағат 9 минутқа созылған тартысты бәсекеде Елена 8 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Т.Мария 5 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін ұлыбританиялық Кэти Бултермен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Штутгарт турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.