Елена Рыбакина Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты

Елена Рыбакина
Фото: Olympic.kz.

МАДРИД. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы матчын дүниежүзілік рейтингіде 46-орында тұрған италиялық Лючия Бронцеттимен өткізді.

Бұл қос теннисшінің өзара бірінші кездесуі еді.

Бастапқы партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, Лючия таразы басын теңестірді. Дегенмен Рыбакина брейкпен тәмамдады – 6:4.

Екінші сетті Бронцетти брейкпен бастағанымен, Рыбакина ойын тізгінін қайта қолға алды – 4:1. Содан кейін қатарынан үш эйс жасап, бірінші матчболын сәтті пайдаланды – 6:3.

Бір сағат 16 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Бронцетти 2 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 72-сатыдағы мысырлық Майар Шерифтің қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Е.Рыбакина өткен аптада Штутгарт WTA 500 жарысының финалында М.Костюкті ұтып, чемпион атанған болатын.

Өткен жылы қазақстандық теннисші Мадридте екінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Португалиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram