Елена Рыбакина Мадрид турнирінің финалынан тыс қалды

Елена Рыбакина Мадрид турнирінің финалынан тыс қалды
Фото: Sports.kz

МАДРИД. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 2-ракеткасы, осы доданың өткен жылғы чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен сынға түсті.

Осыған дейін қарсыластар өзара сегіз рет кездессе, соның бесеуінде белоруссиялық спортшы жеңіске жеткен еді. Дегенмен соңғы төрт бәсекенің үшеуінде Рыбакина ұтқан.

Бұл жолы бірінші сетті Елена 24 минутта бітірді – 6:1.

Екінші партияда тағы бір брейк жасаған Рыбакина 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен Соболенко қарап қалмады – 4:4. Елена қайыра брейк жасап, матчқа доп бергенде, мүлт кетті – 5:5. Бұдан кейін белоруссиялық теннисші жеңістік бермеді – 7:5.

Үшінші, шешуші сетте Соболенко тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).

Екі сағат 16 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 9 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Соболенко 4 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Соболенко финалда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, поляк қызы Ига Швентекпен чемпиондық атақты сарапқа салады. И.Швентек жартылай финалда әлемнің 20-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизді оңай ұтты – 6:1, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Испаниядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар