Елена Рыбакина Мадридте қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.

Елена Рыбакина
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші екінші айналымда кезінде рейтингіде 4-орынға дейін көтерілген, қазір 132-сатыда тұрған канадалық, 2019 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы Бьянка Андреескумен кездесті. 

Матч Рыбакинаның айқын басымдылығымен өтті — 6:3, 6:2.

Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Канадалық спортшы 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

— Алғашқы ойындар қашанда оңайға түспейді. Бьянкамен тайталасу үнемі қиын. Оны жеңгеніме өте қуаныштымын. Әлі толық бабыма келе қойған жоқпын. Топырақ төсенішіне оралып, бірінші матчымды өткіздім. Келесі бәсекені асыға күтемін, — деді Е.Рыбакина.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 17-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен шеберлік таластырады.

Қазақстанның екінші, әлемнің 24-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда күтпеген жерден рейтингіде 153-орындағы швейцариялық Ребека Машаровадан жеңіліс тапты — 3:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Қазақстандық теннисшілер Шымкенттегі турнирдің финалына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар