Елена Рыбакина екінші жыл қатарынан Майами турнирінің финалына шықты

теннис
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орында тұрған Виктория Азаренко еді.

Ол өз спорттық жолында талай табысқа қол жеткізген. Соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының екі рет, Майами жарысының үш дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. Дегенмен Азаренко мен Рыбакина өзара үш рет кездесіп, бәрінде қазақстандық теннисші басым түскен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сосын сетті өз пайдасына түйіндеді – 6:4.

Екіншісінде Азаренко үш брейк жасап, бет қаратпады – 6:0.

Үшінші, шешуші сетте есеп 2:2 болғанда, Рыбакина брейкпен алға шықты. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:5. Дегенмен тай-брейкте өте сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Екі сағат 33 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 11 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Виктория 8 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова немесе рейтингіде 53-сатыдағы америкалық Даниэль Коллинздің біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Өткен жылы Майамиде Е.Рыбакина финалға дейін жетіп, тағы бір тәжірибелі теннисші, чехиялық Петра Квитоваға жол берген еді – 6:7 (14:16), 2:6. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың екі жылдың үзілістен кейін кортқа қайта оралатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Недовесов Испаниядағы жарыстың жартылай финалына өтті.
 

 

Соңғы жаңалықтар