Елена Рыбакина ірі жарыстардағы виннерс саны жөнінен көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы Елена Рыбакина ерекше көрсеткішке қол жеткізді.
OptaAce сайтынан мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші биылғы WTA 1000 турнирлерінде белсенді түрде ұтқан доптар саны жөнінен көш бастады.
Елена Рыбакина барлығы 856 виннерс жасаған. Содан кейінгі орындарда латвиялық Елена Остапенко (825), белоруссиялық Арина Соболенко (733), Польша өкілі Ига Швентек (725) және америкалық Кори Гауфф (708) келеді.
Осы аптада Е.Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 жарысында өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайды. Бірден екінші айналымға өткен оның қарсыласы анықталды.
Өзбекстандық, түбі ресейлік, рейтингіде 105-орындағы Полина Кудерметова алғашқы айналымда әлемнің 38-ракеткасы, испаниялық Кристина Букшаны 7:6 (7:5), 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Е.Рыбакина мен П.Кудерметованың ойыны 22 қазанға белгіленген.
Әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 9-ракеткасы И.Швентек жарақатына байланысты Нинбо додасына қатысудан бас тартты. Кейін биылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтайтынын мәлімдеді.
Осылайша, поляк теннисшісі 7-14 қарашада өтетін WTA қорытынды турниріне қатысудан үмітін үзді.
Күні бүгін қорытынды жарыста бақ сынайтын Елена Рыбакина бастаған жеті теннисші белгілі. Қалған бір жолдаманы чехиялық Каролина Мухова мен украиналық Марта Костюк сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Алматыдағы соңғы жарысын жеңіспен бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Алматы турнирінде Бублик пен Нұрланұлы алғаш рет бірге өнер көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ