Елена Рыбакина Штутгартта әлемнің 1-ракеткасын жеңіп, финалға шықты

рыбакина
Фото: lenarybakina/Instagram

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің финалына шықты.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның үшеуінде Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы бастапқыда Швентек 2:0 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын өздеріне аудара алды – 6:3.

Екінші сетті Ига брейкпен тәмамдады – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған сәтте Елена брейк жасап, ізінше өз геймін алды – 4:2.

Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Екі сағат 49 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 10 эйспен бірге 20 брейк-пойнттың тек төртеуін пайдаланды.

Швентек эйс жасамағанымен, 2 брейкпен ерекшеленді.

Осылайша қазақстандық теннисші спорт жолында алғаш рет Штутгарт жарысының финалына жолдама алды.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 8-ракеткасы, чехиялық Маркета Вондроушова немесе рейтингіде 27-орындағы украиналық Марта Костюктің біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт жарысының жартылай финалына өткенін жазған едік. 

Қазақстандық теннисшілер Шымкент турнирінің жеңімпазы атанды.  

Соңғы жаңалықтар