Елена Рыбакина Соболенконы жеңіп, US Open чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина тарихи кездесуде US Open-2026 чемпионы атанды. Ол финалда Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңіп, 5,5 млн доллар көлемінде жүлде қорының иегері болды.

Елена Рыбакина Соболенконы жеңіп, US Open чемпионы атанды
Фото: Getty images

Алғашқы сетте Рыбакина Соболенконы 6:4 есебімен жеңді. Екінші сет 7:5 есебімен Беларусь өкілінің пайдасына аяқталды. Ал шешуші үшінші сетте Рыбакина 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Нью-Йорктегі жеңісі қазақстандық теннисшінің WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуіне жол ашты. Осылайша, Елена Рыбакина мансабында алғаш рет әлемдегі ең үздік теннисшілер рейтингін ресми түрде бастайды.

Елена Рыбакина
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут ойнады. Осы уақыт ішінде Елена 10 эйс жасап, үш рет қос қателік жіберді және 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Осылайша, Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды.

Нью-Йорктегі титул Елена Рыбакинаның жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жеңісі болды. Қазақстандық теннисші бұл санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алған. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді оның жүлделер топтамасы АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықты.

Рыбакина - Соболенко
Фото: USOpen.org

Финалда Елена Рыбакинаға соңғы жылдары турнирлерде қазақстандық теннисшінің басты қарсыластарының біріне айналған Арина Соболенко қарсы тұрды.

Бүгінгі матч кезінде комментаторлар ойынға сүйіктісімен бірге келген актер Брэд Питтің қай теннисшіге жанкүйерлік ететінін болжады. Алайда ол қазақстандық теннисшіге қолдау білдіріп, ду қол шапалақтаған кезде, телетүсіндірмедегі күмән сейілді.

Брэд Питт
Фото: Видеодан скрин

Нью-Йорктегі стадионға екі теннисшінің ойынын тамашалауға атақты теннисші Мария Шарапова мен актриса Джессика Альба да келді.

Мария Шарапова жеңістен кейін қазақстандық теннисшіні бірінші болып кортта құттықтады. Ол Еленаға кубокты табыстады. Осыдан кейін жеңімпазды марапаттауға арналған ресми рәсім өтті.

Мария Шарапова
Фото: Видеодан скрин
Джессика Альба
Фото: Видеодан скрин

Айта кетейік, америкалық журналист US Open финалында Рыбакина жеңіске жетеді деп болжаған еді.

Бұған дейін Елена Рыбакина жартылай финалда америкалық Коко Гауффты 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, шешуші матчқа жолдама алды. Ал Арина Соболенко жартылай финалда Джессика Пегуланы жеңді.

Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады.