Елена Рыбакина жеңісті жолын Мадридте жалғастыра ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — 21 сәуір — 2 мамыр аралығында өтетін Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды.
Аталмыш жарыста Елена Рыбакина екінші ракетка болып тіркелген.
Қазақстандық теннисші екінші айналымнан бастап, әлемнің 58-ракеткасы, хорватиялық Антония Ружич немесе рейтингіде 61-сатыдағы румыниялық Елена-Габриэла Русенің қай жеңгенімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 77-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 50-ракеткасы, чехиялық Тереза Валентовадан өтуге тырысады.
Өткен жылы Мадридте әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко үздік шыққан еді. Ол финалда америкалық Кори Гауфтан айласын асырған болатын — 6:3, 7:6 (7:3). Ал Е.Рыбакина үшінші, Ю.Путинцева екінші айналымда сүрінген.
Биыл А.Соболенкоға былтырғы рейтингілік ұпайын қорғауға тура келеді. Е.Рыбакина сәтті өнер көрсетсе, ұпай қорын молайта алады.
Штутгарт WTA 500 турнирінде чемпион атанған қазақстандық теннисші ұпай санын 8 500-ге жеткізіп, А.Соболенкоға (10 895 ұпай) бір табан жақындай түсті.
Ал WTA чемпиондық кестесінде 3 993 ұпай жинаған Е.Рыбакина қайтадан көш басына көтерілді. А.Соболенконың еншісінде 3 810 ұпай бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 15 жастағы қазақстандық теннисші Қытайдағы турнирде топ жарды.