Елена Рыбакина Дубай жарысының үшінші айналымына өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластардың өзара үш рет жолдары тоқайласып, бәрінде де қазақстандық теннисші жеңген еді.

Бұл жолы Е.Рыбакина матчты брейкпен бастағанымен, М.Боузкова таразы басын теңестіре алды. Дегенмен Елена тағы бір брейк жасап, 6:5 есебімен алға шықты. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.

Қазақстандық теннисші екінші партияны да брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін тағы бір эйс жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 44 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Коко Гауфпен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 43-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичті тізе бүктірді – 6:0, 6:4.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 46-сатыдағы Юлия Путинцева Дубайда екінші айналымда әлемнің 15-інші, осы жарыстың 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен кездесіп, 4:6, 4:6 есебімен жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Дубай турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Марсель турнирін жеңіспен бастады.

Елена Рыбакина Дубайда АҚШ чемпионын жолдан тайдырды.


Соңғы жаңалықтар