Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жартылай финалына шыға алмады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар 2020 жылы Санкт-Петербургте кездесіп, онда Е.Рыбакина ұтқан еді.

Бұл жолы бірінші партияда Елена брейкпен алға кетті – 3:0. Алайда Мария таразы басын теңестіре білді – 4:4. Тағы бір брейк жасаған грекиялық теннисші сетті өз пайдасына жазды – 7:5.

Екінші сетті М.Саккари брейкпен бастады – 3:1. Ақыры сол басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:4.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матч барысында грекиялық спортшы 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Е.Рыбакина 4 эйспен қатар 5 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жазды.

М.Саккари финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, испаниялық Паула Бадоса немесе рейтингте 24-орында тұрған ресейлік Вероника Кудерметованың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің алғаш рет мастерс турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар