Елена Рыбакина қазір қандай турнирлерге дайындық үстінде

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік деңгейдегі бірнеше турнирге дайындалып жатыр. Ол туралы спортшы «Jibek Joly» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елена Рыбакина қазір қандай турнирлерге дайындық үстінде

«Қазір жоспар бойынша Штутгарт турнирі тұр. Одан әрі Римдегі, Мадридтегі ірі турнирлер және Үлкен Дулыға күтуде», - деп қысқа қайырды Елена Рыбакина.

Одан әрі тілшісі қазақстандық теннисшіден спорттан тыс уақытта немен шұғылданатынын сұрады.

«Мен спорттан тыс көп дүниемен айналысамын деп айта алмаймын. Өйткені, уақыт аз. Бос уақытым отбасыммен өтеді. Мүмкіндігінше жақындарыммен бірге болуға тырысамын», - дейді спортшы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны қабылдады.

Теннисші мәлім еткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаға орамал мен сағат сыйлаған.

Одан бөлек, спортшы қазақстандық жанкүйерлердің ерекше қолдау көрсететінін айтып өтті.