Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалына шықты

Осы аптадағы табысы арқасында Қазақстанның бірінші ракеткасы атанып үлгерген Е.Рыбакина жартылай финалда рейтингте 66-орында тұрған чехиялық Кристина Плишковамен кездесті.
Ойын тізгінін бірден қолға алған қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:2 есебімен басым түсті.
Екінші сетте есеп 6:5 болған мезетте Елена матчты брейкпен түйіндеді – 7:5.
Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 775 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында әлемнің 35-інші, осы турнирдің 5-ракеткасы, бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Александровамен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда испаниялық Гарбинье Мугурусаны 6:4, 6:3 есебімен сүріндірді. Испаниялық спортшы ширек финалда қазақстандық Зарина Диясты жеңіп кеткен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.