Елена Рыбакина Майами мастерс жарысының үшінші айналымына өтті

None
Фото: Қазақстан теннис Федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мастерс жарысының 10-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін 2019 жылы Плейфорд (Аустралия) финалында кездесіп, онда А.Калинская жеңіске жеткен еді – 6:4, 6:4.

Бірінші партияда ресейлік спортшы брейкпен алға кетті. Дегенмен Е.Рыбакина таразы басын теңестіре алды – 5:5. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 7:5.

Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 3:1. Алайда Калинская есеп 2:4 болған мезетте қатарынан төрт геймді алды – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда Е.Рыбакина брейк жасап, есепті 4:2-ге жеткізді. Калинская да қалыспағанымен, Елена қайыра брейк жасады – 5:3. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты матчта Е.Рыбакина 14 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. А.Калинская 1 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі. Ол екінші айналымда үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде рейтингте 114-сатыдағы германиялық Лаура Зигемундты 7:6 (7:2), 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Е.Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс додасында П.Бадосаны 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу кезеңінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер жұптық сында Майами мастерс турнирін жеңіспен бастады.


Соңғы жаңалықтар
telegram