Елена Рыбакина: Мен - Қазақстан азаматымын
«Әрине, мен Қазақстанның азаматымын. Азаматыққа қатысты сұраққа бұған дейін де жауап бергенмін. Соңғы 2 жыл бойы нақты еш жерде тұрмаймын. Әр апта сайын бір қонақүйден екінші қонақүйде жүрмін. Одан қалды дайындықта, жарыста жүремін. Яғни нақты тұрақты мекенім жоқ», - деді Елена Рыбакина елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, теннисші шетелдік спортшыларды тартпай, отандық спортшыларды даярлау керек дегенге қатысты ойын ортаға салды.
«Өз басым жоғарыда аталған ойды қолдаймын. Біріншіден, егер Қазақстан болмаса, менің қазір кім болатыным белгісіз. Теннис Қазақстан үшін жас спорт түрі. Осы орайда мен Қазақстанда теннисті танымал ете түсетін адам шығармын. Ол үшін қуаныштымын. Бұл үлкен жауапкершілік. Мен жауапкершілікті сезінемін және мақтан етем», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Уимблдон – 2022 турнирінің жеңімпазы жарыстан алған сыйақының бір бөлігін жануарларды қорғауға бағыттайтынын мәлім етті.
Сондай-ақ, Елена Рыбакина Қазақстанның атынан өнер көрсетуіне қатысты пікір білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жеңімпазы болды.