Елена Рыбакина Словениядағы турнирдің финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елена Рыбакина Словениядағы турнирдің финалына шықты

Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 65-орында тұрған румыниялық Ана Богданмен кездесті.

Е.Рыбакина қарсыласын айқын басымдықпен ұтты – 6:1, 6:1.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 5 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 82-ракеткасы, чехиялық Катержина Синякова немесе рейтингіде 213-сатыдағы германиялық Анна-Лена Фридзамның біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Бұған дейін Е.Рыбакина сегіз рет WTA жарыстарының финалына шығып, соның екеуінде жеңіске жеткен еді. Бұл – тоғызыншы финалы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жасөспірім теннисшілердің алғаш рет Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Чехиядағы жарыстың жеңімпазы атанды.