Елена Рыбакина Уимблдонда чемпиондық атағын үшінші ракетка болып қорғайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде үшінші ракетка болып тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингіде де үшінші сатыда тұрған қазақстандық теннисші өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайды.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан Уимблдон жарысында Польша өкілі Ига Швентек – бірінші, Беларусь өкілі Арина Соболенко екінші ракетка болып тіркелген. Олар тек финалға шыққанда ғана бір-бірімен кездесе алады.
«Үлкен дулыға» додасының өткен жылғы финалисі, тунистік Онс Жабер алтыншы ракетка ретінде сынға түседі.
Қазақстанның ерлер арасында – бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Уимблдонда алғаш рет таңдаулылар қатарында бақ сынайды. Жуырда Галледегі ірі жарыста тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған А.Бублик жарысқа 24-ракетка болып қосылмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Истбурндағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.