Елена Рыбакина Уимблдондағы екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елена Рыбакина Уимблдондағы екінші жеңісіне қол жеткізді

Өткен жылы осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Елена басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина бірден брейк жасап, алға кетті – 6:2.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, есеп 5:5 болып, Рыбакина доп бергенде, Корне медициналық көмекке жүгінді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2).

Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 89-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен таласады. Ол екінші матчында рейтингте өзінен он саты төмен тұрған болгариялық Виктория Томованы ұтты – 6:0, 3:6, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның екінші қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ үш қазақстандық жас теннисші Тегерандағы турнирдің ширек финалына өтті.

Уимблдонда Александр Бублик үшінші айналымға жолдама алды, ал Анна Данилина жеңіліп қалды.