Елена Рыбакина WTA рейтингінде төмен түсіп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жеке және жұптық разрядтағы рейтингтің жаңартылған нұсқасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Елена Рыбакина WTA рейтингінде төмен түсіп қалды

Әлемнің бірінші ракеткасы атағы польшалық Ига Свёнтекте, одан кейінгі орында Тунис өкілі Онс Жабер мен америкалық Джессика Пегула орналасқан.

Қазақстанның ең мықты теннисшісі Елена Рыбакина екі позиция жоғалтып, 23-ші орын алды. Юлия Путинцева 51-ші орында қалды.

Жұптық разрядта чех спортшысы Катерина Синякова көш бастап тұр, одан кейін ресейлік Вероника Кудерметова мен тағы бір Чехия өкілі Барбора Крейчикова тұр.

Үздік қазақстандық «жұптық» теннисші Анна Данилина бір орын жоғалтып, оныншы орынға түсті.

Жібек Құламбаева 29 позиция жоғалтып, 233-ші орынға жайғасты.

Фото: ktf.kz