Елена Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 14-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездесті.

Бірінші партия аяғына таман брейк жасаған америкалық спортшы басым түсті – 7:5.

Екінші сетте есесіне қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда да Е.Рыбакина қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 4:1. Тағы бір брейк – 5:1. Бұдан кейін қарсыласы есепті қысқартқанымен, Елена екінші рет матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 14 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Д.Коллинз 5 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 69-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен таласады. М.Костюк дүниежүзілік рейтингте 162-сатыда тұрған аустралиялық Джейми Форлисті тізе бүктірді – 6:1, 3:6, 6:4.

Жүлде қоры 826 327 АҚШ долларына бағаланған турнир 8 қаңтарда мәреге жетеді.

Өткен жылы осы додада Е.Рыбакина финалға дейін жетіп, онда әлемнің сол кездегі 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартиге жол берген еді.

Э.Барти 2022 жылы спорттық мансабын аяқтағандықтан, биыл жаңа чемпион анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аделаида турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны белгілі болды.


Фото: ktf.kz


Соңғы жаңалықтар