Елена ізімен: Баланы үлкен тенниске беру қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары үлкен тенниске деген қызығушылық артып келеді. Ал Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануы салаға ынта танытқан жастардың қатарын көбейте түсті. Мемлекет теннисті дамытуға қандай қолдау көрсетіп отыр? Жас таланттардың дайындығына арналған инфрақұрылым қай деңгейде? Тақырыпты Kazinform тілшісі тарқатты.
30 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты айналысады
Астаналық Әліби Сапар – Daulet Tennis Academy қатысушысы. Ол 5 жасынан үлкен тенниспен шұғылданып, қазір алыс-жақын шетелдегі додаларда бақ сынап келеді. Айтуынша, Елена Рыбакина US Open-ді бағындырғаннан кейін халықаралық жарыстарға қатысуға деген құлшынысы еселеніпті.
– Үлкен теннисте жылдамдық, тактика, тез шешім қабылдау өте маңызды. Бұл спортта футболдағыдай командаластарға сүйене алмайсың, көбіне ойынның нәтижесі екі қатысушының шешімі мен шеберлігіне байланысты. Күтпеген техникалық тәсілдер қолдану арқылы эксперимент жасауға да мүмкіндік мол.
Сондықтан теннис мен үшін жай ғана қызығушылық емес, өз күшіңе сенуді, жауапкершілікті, алға ұмтылуды үйрететін спорт түріне айналды. Маған тенниспен айналысу ұнайды және болашақта жетістіктерге жеткім келеді. Әсіресе Ұлттық құрама мүшесі болып, Елена Рыбакина сияқты Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді, – дейді жас талант.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, үлкен тенниспен шұғылданатын балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ел көлемінде 10 жасқа дейінгі 17 532 бала, 10 жастан жоғары 2 700 жас бала тенниспен жүйелі түрде айналысады. Бұған қоса, балабақшалар мен мектептерде 36 000-нан астам бала тенниспен таныс.
– Қазақстан теннис федерациясының бақылауымен жүзеге асырылатын JTI бағдарламасы бар. Аталған бағдарламада 1 500-ден астам бала қамтылған. Ал «Baby Tennis» жобасы елдегі 145 балабақшада іске қосылды. Қазақстан теннис федерациясы барлық қажетті құрал-жабдықтарды (ракетка, доп, тор) тегін ұсынады, сонымен қатар теннис нұсқаушыларының еңбегін төлейді, – делінген Федерацияның Kazinform сауалына берген жауабында.
Айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдердің турнирлерге қатысу көрсеткіші екі есе артқан. ҚТФ ақпаратына сүйенсек, мұндай өсімге екі себеп бар. Біріншісі, соңғы төрт жылда үлкен теннисте бәсеке артты, жыл сайын қатысушылардың дағдысы шыңдала түсуде. Екіншіден, үлкен теннистен халықаралық және республикалық сайыстар көбейген әрі жарыстарға өңірлерден қатысатын жас талант көп.
Тенниспен шұғылдану қанша тұрады?
Үлкен тенниспен кәсіби тұрғыда шұғылдану көп шығынды қажет етеді. Жаттығу мен курс құны, керек-жарақ бағасы арзан тұрмайды. Мысалы, қазір ата-ана баланы үлкен тенниске тұрақты қатыстыру үшін айына кемі 30-40 мың теңге жұмсауға мәжбүр. Жеке орталықтардың баға саясаты әртүрлі болғанымен ортақ шығын шамалас. Мәселен, Астана қаласында қосымша курстардың айлық құны – 20-60 мың теңгеге, Алматы қаласында – 30-80 мың теңге, өңірлерде – 25-45 мың теңге аралығында. Оған жолақы шығыны, спорттық киім мен құрал бағасын қосыңыз – жиынтық шығын 80-100 мың теңгеге жетуі мүмкін.
Әрине, тегін және субсидияланатын бағдарламалар арқылы балалар мен жасөспірімдерді жаттықтыру орталықтары жұмыс істейтіні рас. Қазақстан теннис федерациясы да аймақтардағы жаттықтырушыларға, талантты балаларға жан-жақты қолдау көрсетуден кенде емес. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін сабақ ұйымдастырылады, көпбалалы отбасыларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Алайда бұл үлкен теннистің бұқаралық сипат алуына жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет теннис инфрақұрылымын дамытуды жалғастыруда. Жыл сайын жаңа теннис орталықтары бой көтеріп, өңірлердегі балалардың спортпен айналысуына жағдай жасалған. Федерация мәліметіне сүйенсек, республикада қатты (хард) және топырақ төсемі бар 38 теннис орталығы жұмыс істейді, онда 364 корт жасалған. Ал Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы теннис орталықтары «Өңірлік теннис орталығы» мәртебесіне ие. Бұл орталықтар Орталық Азиядағы турнир өткізетін негізгі база саналады.
ҚТФ 2035 жылға дейін тағы 15 теннис орталығын салуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, халықаралық турнир өткізуге қолайлы қосымша 160 жаңа корт пайда болмақ.
Бүгінгі бар инфрақұрылым балалардың халықаралық сайыстарда тәжірибе жинауына мүмкіндік берген. Жыл сайын 10 жасқа дейінгі балалар арасында – 120-дан астам, 18 жасқа дейінгі балалар арасында 140-тан астам турнир өткізіледі. Соның 40-тан астамы халықаралық статусқа ие.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары үлкен тенниске ынталы балалардың саны артпақ. Оған Елена Рыбакина, Александр Бублик, Анна Данилина, Жібек Кұламбаева, Әмір Омарханов секілді споршылардың жеңісі себеп болған. Елена мен Александрды айтпаған күннің өзінде, қазіргі жас буын Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омархановтың жеңісті жолына еліктеп өсуде. Олар жасөспірімдер арасындағы «US Open-2025», «Australian Open-2026», «Australian Open-2024» турнирлерінде сәтті өнер көрсеткен болатын.
– Елена 2022 жылы Уимблдонды жеңіп алғанда, барлық теннис орталықтарында телефондар тоқтаусыз шырылдады — ата-аналар балаларын сабаққа жаздыра бастады. Дәл осындай көріністі біз жақында ғана байқадық. Астана, Алматы және басқа да қалалардағы теннис орталықтарында бос орын жоқ, жүзден астам бала кезекте тұр, – деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Медет Байкен.
400 бапкердің ITF сертификаты бар
ҚТФ дерегінше, Қазақстанда KazPIN жүйесі жұмыс істейді. Онда лицензиясы бар ойыншылар мен бапкерлердің ұлттық рейтингі жасақталған. Ал Халықаралық теннис федерациясының (ITF) балаларға арналған «ITF Tennis 10s» халықаралық бағдарламасына 14 ұлттық үйлестірушіміз енді. Аталған бапкерлер жас таланттарды оқыту және жарысқа қатыстыру қызметін атқарып келеді.
Ескерер жайт, кейінгі бес жылда ITF сертификаты бар жаттықтырушылар саны екі есе артып, 400-ден асты. 2024 жылы Қазақстанның жаттықтырушыларды оқыту жүйесі ITF-тің күміс деңгейіне жеткен. Бүгінде бапкерлер нұсқаушыдан бастап ITF Level 3 деңгейіне дейінгі барлық деңгей бойынша біліктілікті арттыру бағдарламасын жүргізуге құқылы. Оған қоса 40 жаттықтырушы – ITF Level 2 сертификатын, 90 маман –CAP Level-1 сертификатын алған.
– Жыл сайын ҚТФ ұлттық жаттықтырушылар конференциясын өткізеді. Іс-шарада бапкерлер тәжірибе алмасып, дәрістер тыңдап, шеберлік сабағына қатысады. Конференцияға алыс-жақын шетелдегі білікті мамандарды шақыру дәстүрі қалыптасқан. Бұған дейін спикерлер ретінде Хрвое Жмачич, Иван Молина, Карл Маес, Сирил Женевуа секілді теннис саласындағы танымал халықаралық сарапшылар қатысты, – дейді Қазақстан теннис федерациясының өкілдері.
Мұндай жан-жақты қолдау жемісін көрсетті десек болатындай. 2021 жылдан бері Қазақстан құрамасы (12 жасқа дейін) Азия чемпионаттарында 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. U14 құрамасы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне үш рет шығып, 2022 жылы әлем бойынша төртінші орынға табан тірегенін білеміз. Төрт жыл ішінде 16 қазақстандық теннисші жасөспірімдер арасындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінде өнер көрсетсе, 2022 жылдан бастап отандастарымыздың әлемдік теннис додаларына қатысу көрсеткіші екі есе өскен.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен «әлемнің бірінші ракеткасы» мәртебесіне ие болуымен құттықтаған еді.