Елеусінов жаттығу үшін неліктен Нью-Йоркті таңдап отырғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой боксқа қадам басқан Данияр Елеусінов өз шешімі туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елеусінов жаттығу үшін неліктен Нью-Йоркті таңдап отырғанын айтты

«Ең алдымен, жақсы промоутерді тауып бергені үшін өзімнің Boxing Star менеджерлік компанияма алғыс айтқым келеді. Қазақстанға арнайы келген Эддиге (промоутер Эдди Хирн - авт.) рахмет. Маған өмірлік карьерамның ары қарай дамуы тұрғысында идея ұнайды. Жиі шаршы алаңға шығуға, белсенді болуға барымызды саламыз. Өзіміздің Бокс федерациясына алғыс айтқым келеді. Олимпиада чемпионы дәрежесіне жол салып берген федерция басшыларына алғысым шексіз. Ары қарай дамуды ойластыруым керек», - деді Рио Олимпиадасының чемпионы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Боксшы өзіне сенетінін, жоғары жетістікке қол жеткізіп, бірнеше мәрте чемпион болуға тырысатынын атап өтті.

«Бұған дейін аустралиялық промоутермен жұмысымыз сәтті болмай қалды. Содан кейін мен қайтадан әуесқой боксқа оралған болатынмын. Рингке көп шықпасам да, құрама сапында жақында ғана оқу-жаттығу жиындарында болдым. Өткен айда матчтық кездесулерге қатыстым. Эдди Хирнның ұсынысына қызығушылық танытып, осындай шешімге келдім. Бұған дейін іштей кәсіпқой боксқа ауысамын деп шешіп қойғанмын. Өткен жылы өзімді бабымда ұстау үшін әуесқойда бокста жүре түруға тура келді», - деді ол.

Елеусінов жаттығу жұмыстарын Нью-Йорк қаласында өткізбек.

«Әкем әрдайым қасымда болады. Ол кісіден артық мені ешкім білмейді. Кәсіпқой бокстың қыр-сырын үйрететін америкалық жаттықтырушы да бар. Екеуі бірлесіп, ақылдасып жұмыс атқарады деген сенімдемін. Нью-Йорк қаласында дайындаламын. Бұл қаланы таңдап тұрған себебіміз - менің салмағымдағы ең мықты спарринг-серіктестер сонда шоғырланған. Сондықтан, сонда жаттыққан дұрыс деп санаймыз. Лондонда да дайындаламыз», - деп түйді боксшы.

Еске сала кетсек, бүгін Данияр Елеусіновтың кәсіпқой бокстағы промоутері белгілі болды.