Элеваторларды жаңғырту бағдарламасы 2026 жылдың наурызында іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Элеваторларды жаңғырту бағдарламасы 2026 жылдың наурызында іске қосылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Бүгін Үкімет отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрден: «Өткен аптада Президент элеваторларды салу және оларды жаңғыртуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылдауды тапсырды. Қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?» - деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Айдарбек Сапаров бұл бағытта Агрралық несие корпорациясымен жұмыс басталып кеткенін айтты.
- Бүгінде өңірлерден ұсыныстар жинап жатырмыз. Бұл қаржыландыру бағдарламасы наурыз айында басталады. Қай жерде қандай элеватор қажет екенін жинастырып жатырмыз. Одан кейін құны, қанша қаржы қажеттігін топтастырдық. Серік Мақашұлымен (Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі) жиналыс өткіздік. Наурызға дейін үлгереміз деп ойлаймын, - деді министр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткіген еді. Сол кезде Президент заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екенін айтқан болатын.
- Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек, - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.